2026 жылғы 26 ақпанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде халықаралық білім стандарттарын енгізуге арналған воркшоп өтті. Жиын барысында университет сарапшылары мен оқытушылар қауымы қос дипломдық білім беру бағдарламаларын (ҚДББ) әзірлеудің қыр-сырын талқылады.
Воркшоптың бірінші бөлімінде қатысушылар қос дипломдық бағдарламалардың нормативтік-құқықтық негіздерімен танысып, трансұлттық білім берудің халықаралық стандарттарын егжей-тегжейлі зерделеді. Кездесуді ашқан Академиялық сапаны қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Асель Иманбалина мен Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Салтанат Джакубаева бүгінгі таңдағы интерұлттық стратегияның маңызына тоқталды. Оқу орнының жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін шетелдік серіктестермен байланыс орнатудың жаңа тетіктері көрсетілді.
Воркшоптың басты назары трансұлттық білім беру стандарттарына аударылды. Қатысушылар бағдарламалардың заңды мәртебесін анықтау, атап айтқанда, «қос дипломдық» бағыт пен академиялық мобилдіктің (pathway) аражігін ажырату мәселелерін талдады. Бұл ретте дипломның танылуы мен студенттердің құқықтарын қорғау мәселесі бірінші орынға қойылды.
Академиялық бағдарламаларды әзірлеу және сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Мария Кабышева мен Білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру орталығының басшысы Алия Задаханова Sussex университетімен арадағы тәжірибені мысалға келтіре отырып, оқу жоспарларын үйлестіру жолдарын түсіндірді. Мамандар оқу нәтижелерінің (Learning Outcomes) нақты әрі өлшемді болуы бағдарламаның халықаралық деңгейде мойындалуының басты шарты екенін атап өтті.
Практикалық кезеңде қатысушылар түрлі университеттердің оқу жоспарларын салыстырып, ECTS жүйесі бойынша кредиттерді қайта есептеу және пәндер арасындағы сәйкестікті анықтау бойынша жұмыс істеді. Бұл жұмыс нәтижесінде оқытушылар шетелдік бағдарламалармен сабақтас жаңа білім беру жобаларының алғашқы нұсқаларын дайындап шықты.
Өткізілген шара университет оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, студенттерімізге әлемдік деңгейдегі қос диплом алуға жол ашатын нақты қадам болды.