Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің спорт кешенінде Ұлттық спорт күніне орай студенттер арасында дәстүрлі спорттық дода ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – университет құрамындағы институттар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, студенттердің командалық жұмыс істеу қабілетін дамыту және ұлттық спорт арқылы салауатты әрі белсенді өмір салтын ұстанатын орта қалыптастыру.
Биылғы жарыс ерекше форматта өтіп, студенттер қазақтың дәстүрлі спорт түрлері бойынша, атап айтқанда тұмақ ұру, арқан тартыс және қол күрестен өзара бақ сынасты.
Университеттің Дене шынықтыру және спорт кафедрасы ұйымдастырған бұл іс-шараға оқу орнының барлық құрылымдық бөлімдерінен командалар қатысты.
Сайыс қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ Ұлттық спортты қолдауға және төл дәстүрлерімізді насихаттауға қосқан ерекше үлесі үшін студенттер Айгерім Мақыт пен Тахмина Әлдибекке арнайы дипломдар табысталды.
