«6 сәуір - Студенттік өзін-өзі басқару күніне» орай оқытушы-профессорлар құрамы үшін «Әдістемелік күн» болып жарияланды. Студенттер университет басқаруы мен оқу процесіне жауапты болған уақыт аралығында, ұстаздар қауымы ауқымды кәсіби семинарларға қатысты. Бағдарлама аясында оқытушылардың біліктілігін арттыруға, ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жетілдіруге және университеттің стратегиялық міндеттерін талқылауға басымдық берілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – университеттің стратегиялық даму бағыттарын айқындау, ғылыми әлеуетін арттыру жолдарын талқылау және профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу қызметіндегі белсенділігін күшейту. Семинар барысында ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Тұрлыханқызы университеттің стратегиялық басымдықтары мен ғылыми даму бағыттары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, стратегиялық даму департаментінің басшысы Құдайбергенов Нұрболат Жарылқасынұлы халықаралық рейтингтердегі университет көрсеткіштері мен рейтингтік әдіснамаларға тоқталды.

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әбдрайымова Мөлдір Рашидқызы PhD докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын бағалау критерийлерін таныстырды. Ал, Білім беру бағдарламасы интернационаландыру орталығының басшысы Задаханова Әлия Азатхановна магистратура және докторантура білім беру бағдарламаларын жаңарту мәселелерін қозғады.

Ғылыми кітапхана директоры Өтеген Әсем Мұхтарқызы кітапхананың профессор-оқытушылар құрамының ғылыми жарияланымдық белсенділігін арттырудағы рөліне тоқталса, ғылым саласын басқару және дамыту бөлімінің басшысы Исалдаева Сәбира Жүнісқызы университеттің ғылыми әлеуеті, гранттық және жарияланымдық белсенділігі туралы баяндады. Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдіріп, сұрақ-жауап форматында талқылау жүргізді.
