Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғимаратында 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Іс-шара аясында отандық ғалымдар мен өнертапқыштардың ғылыми жетістіктері ұсынылған көрме ұйымдастырылып, онда инновациялық жобалар, жаңа технологиялар және «Ғылым қоры» АҚ гранттық бағдарламалары шеңберінде жүзеге асқан өнімдер таныстырылды.

                                      

Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жетекші ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысты.

                                     

Іс-шара барысында академиктер ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, медицина, биотехнология, археология, генетика және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру салаларындағы өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасады. Жиын қорытындысында ғылымды дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жас зерттеушілер марапатталды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректоры Ақтолқын Тұрлыханқызы Құлсариева академик Н.Базанова атындағы марапатқа ие болды.

                                      

Шара соңында ғалымдар Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Ғалымдар аллеясына» ағаш көшеттерін отырғызды.