Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды стратегиялық міндет ретінде айқындағаны белгілі. Президент «озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», ал кітапханалар – «мемлекет пен ұлттың негізгі жады» екенін атап өткен болатын.
Осы бағытта елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру тапсырылып, оның аясында мектеп кітапханаларын жаңғырту, цифрлық ресурстарды енгізу және оқырман мәдениетін жаңа деңгейге көтеру көзделуде.
Осы бастамалар аясында 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай QyzPU-да «Қазақ қызы – ұлттың айнасы» атты танымдық сыр-сұхбат кеші өтті. Іс-шараны университеттің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасы ұйымдастырып, тарихшы, PhD доктор, «MURA ziatkerlik mektebi»-нің негізін қалаушы Алмас Тоқсанбаев қатысуымен мазмұнды кездесу болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, қазақ қызының тарихи бейнесін кітап деректері негізінде ашып көрсету және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған еркін пікір алмасу алаңын құру.
Жиын барысында Басқарма Төрағасы – Ректордың кеңесшісі Думан Жекенов баяндама жасап, кітап пен ұлттық тәрбиенің сабақтастығына тоқталды: «Кітап – рухани кемелденудің бастауы. Ал қазақ қызы — ұлттың ұяты, тәрбиенің негізі. Біздің студенттер кітап арқылы өткен тарихын танып, ұлттық болмысын сақтаған парасатты тұлға болып қалыптасуы тиіс. Осындай рухани кездесулер жастардың оқуға деген ынтасын арттырып, құндылықтарымызды нығайта түседі», – деп атап өтті.
Кездесуде тарихшы Алмас Тоқсанбаев қазақ даласындағы аналар мен арулардың орнын терең тарихи тұрғыдан талдап, ұлттық болмысты сақтау жолындағы әйел затының маңызын нақты мысалдармен баяндады.
Кітап оқу мәдениетін дәріптеу мен тарихи танымды тереңдетуге бағытталған мазмұнды кездесу аясында көтерілген тақырыптар жастардың рухани дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырды.
