Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Тарих кафедрасының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Алаш идеясы және Тәуелсіз Қазақстан: тарихи сабақтастық пен жаңғыру» тақырыбында республикалық зияткерлік олимпиада өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханұлының 160 жылдық мерейтойына арналған бұл шара онлайн форматта болды.
Аталған іс-шараның мақсаты – оқушылардың тарихи білімін тереңдету, Алаш қозғалысы мен Тәуелсіз Қазақстан арасындағы тарихи сабақтастықты ұғындыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың азаматтық көзқарасын қалыптастыру.
Зияткерлік дода барысында қатысушылар екі кезеңнен тұратын күрделі сынақтардан өтті. Алғашқы турда оқушылар «Әлихан Бөкейханұлы көзқарасындағы ұлттық мемлекет және қазіргі Қазақстан» тақырыбында ғылыми эссе жазып, Алаш көшбасшысының саяси мұрасын қазіргі мемлекеттілік құндылықтарымен байланыстыра отырып, терең сараптама жасады. Екінші кезеңде үміткерлер үш деңгейлі викториналық сайысқа қатысып, тарихи тұлғалар мен киелі нысандарды тану, сондай-ақ кешенді тест тапсырмаларын орындау арқылы өздерінің білім деңгейлері мен логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті.
Олимпиадаға 11-сынып оқушылары қатысып, шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар, ал озық шыққан жеңімпаздарға арнайы дәрежелі дипломдар табысталды.
Бұл зияткерлік жарыс жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, ұлттық мүдде мен Тәуелсіздік идеясына деген құрметін арттыруға септігін тигізді.
