«Ғылым декадасы – 2026» аясында Физика, математика және цифрлық технологиялар институты, Информатика кафедрасының ұйымдастыруымен «Ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру: h-index, дәйексөз алу және Scopus-тың заманауи рейтингтік индикаторлары» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

Іс-шараның мақсаты – оқытушы-профессорлар құрамы мен жас зерттеушілердің жарияланымдық белсенділігін арттыру, халықаралық ғылыми дерекқорлармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру және университет ғалымдарының академиялық беделін халықаралық деңгейде ілгерілету.

Жиынды PhD, қауымдастырылған профессор Мекебаев Нұрбапа Отанұлы жүргізді. Спикер өз сөзінде ғылыми еңбектердің сапасын көтерудің практикалық жолдары мен Scopus базасындағы заманауи рейтингтік индикаторлардың қыр-сырын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Шара соңында қатысушылар ғылыми мақалаларды дайындау, сенімді журналдарды таңдау жолдары бойынша өзара пікір алмасып, профессордан жан-жақты жауаптар алды.