Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі бастамалары мен «AI-Sana» бағдарламасын қолдау аясында «IQ АЛАМАН – 2026» XII республикалық байқауы ұйымдастырылды. Шараны Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасы өткізді.

                                      

Шараның мақсаты – студенттердің ғылыми-зерттеу және зияткерлік әлеуетін арттыру, жас мамандарды заманауи цифрлық мәселелерді шешуге баулу және жасанды интеллект саласындағы үздік жобаларды анықтау.

                                       

Биылғы сайысқа еліміздің түпкір-түпкірінен (Тараз, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Көкшетау және Алматы) 10 жетекші жоғары оқу орнының командалары қатысты. Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті секілді білім ордаларының талантты студенттері бақ сынады.

                                       

Сайыс «AI Battle», «IQ Coding», «AI Network» және «AI Project» атты төрт мазмұнды кезеңнен тұрды. Қатысушылар жасанды интеллект көмегімен Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) шешуге бағытталған арнайы AI-агенттер әзірлеп, оны сарапшылар алдында қорғап шықты.

                                     

Жобаларды iTeacher Academy негізін қалаушы Юлия Андреева, институт директоры Гүлназ Салгараева және Математика және математикалық модельдеу институтының өкілі Аршын Алтыбай бастаған білікті әділ қазылар алқасы бағалады.

                                    

Байқау қорытындысы бойынша, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, «IKTU Engineering» командасы 1-орын, Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен «Zhanibekov»  командасы 2-орын, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, «Justice» командасы  және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен «Async»  командасы 3-орын  иеленіп, барлық қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды.