Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институты Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі» пәні бойынша жоғары оқу орындарының өзге ұлт өкілдері студенттері арасында Республикалық пәндік олимпиада өтті.

Интеллектуалды сайыстың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, студент жастардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қазақ тілінің мәртебесін нығайту.

 

                                           

Олимпиадаға еліміздің Астана, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Көкшетау, Семей, Петропавл және Алматы қалаларындағы жетекші жоғары оқу орындарынан 19 команда қатысты. Сайыс барысында 17 этнос өкілінен құралған студенттер мемлекеттік тілде өз ойларын еркін жеткізіп, тілдік біліктіліктерін жоғары деңгейде көрсете білді.

                                           

Қатысушылардың мемлекеттік тілде сөйлеу және жазу деңгейлерін «Мемлекеттік тілді дамыту институтының» атқарушы директоры, профессор Бижомарт Сейсенбекұлы Қапалбек бастаған білікті тілші ғалымдар мен сала мамандарынан құралған әділқазылар алқасы бағалады.

                                          

Екі күнге жалғасқан білім додасы аясында студенттер үшін қаланың көрікті жерлеріне танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, мәдени бағдарламалар ұсынылды.

                                           

 Шара нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгеруде үздік нәтиже көрсеткендер жеңімпаз атанып, арнайы дәрежелі дипломдармен және марапаттармен ұлықталды.

                                           

Бұл олимпиада болашақ мамандардың тілдік дағдыларын шыңдап қана қоймай, студенттер арасындағы достық байланысты нығайта түсетін маңызды алаңға айналды.