Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Күміс университет» жобасының мүшелері мен Дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушылары арасында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. 

Жиынның мақсаты – аға буын өкілдерінің әлеуметтік белсенділігін арттыру, олардың заманауи технологиялық үдерістерге бейімделуін қамтамасыз ету және өмір бойы білім алу (lifelong learning) қағидатын ілгерілету.

Кездесу барысында жобаны жүзеге асырудың тетіктері мен алдағы уақытта өткізілетін цифрлық сауаттылық курстарының жоспары егжей-тегжейлі талқыланды. Қатысушылар инновациялық білім беру бағдарламаларын қарт адамдардың сұранысына сәйкестендіру бойынша өзекті мәселелерді ортаға салып, жобаның мазмұнын байытуға бағытталған сындарлы ұсыныстарын білдірді.

Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру орталығы дене шынықтыру және спорт кафедрасымен, сондай-ақ басқа да институттармен бірлесіп, жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Күміс университеті» – зейнеткерлік жастағы адамдардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуын, олардың өзін-өзі дамытуы мен тұлғалық өсуін көздейтін жаһандық қозғалыс. Жоба аға буынның әлеуметтік оқшаулануына жол бермей, олардың білім берудің заманауи нысандарын игеруіне жағдай жасайды. Аталған стратегиялық бастама 2022 жылдан бері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жүйелі түрде жүзеге асырылып, жоғары нәтижелер көрсетуде.