Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат білім алушылары арасында XVIII Республикалық пәндік олимпиадада жүлделі орын алды.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің теориялық және практикалық білім деңгейін бағалау, олардың кәсіби ойлау қабілетін ұштау және пәнаралық ортада шешім қабылдау дағдыларын дамыту.
Сонымен қатар бұл зияткерлік дода жас филологтардың кәсіби қалыптасуына серпін беріп, отандық білім беру жүйесіне білікті кадрлар даярлауды көздейді.
Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрды: тестілеу, кешенді талдау және сабақ өткізу форматындағы практикалық тапсырмалар. Нәтижесінде 24 команда қатысқан білім бәйгесінде Филология институты, Қазақ әдебиеті кафедрасының «Қазақ тілі мен әдебиеті» БББ студенттерінен құралған команда жүлделі III орынға ие болды.
Жеңімпаз болған студенттер:
- Әсем Мергенбай – 4-курс студенті;
- Алуа Жұмахан – 4-курс студенті;
- Жанмейірім Шалабаева – 3-курс студенті.
Команданың жоғары деңгейде дайындалуына және табысты нәтиже көрсетуіне магистр, аға оқытушы Бағила Панзабек жетекшілік етті.
