18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Ақтұмар» тарихи-этнографиялық музейінде «Музей: Жасырын тарих ізімен» атты ашық есік күні өтуде.

Биылғы шара дәстүрлі экскурсиялардан өзгеше, интерактивті және цифрлық форматта ұйымдастырылып, музей залы қатысушыларға арналған танымдық шығармашылық кеңістік ретінде жабдықталды.

Бағдарлама аясында «Жасырын тарих ізімен» QR-кодты квест-ойыны барысында қатысушылар арнайы жауап парақтары арқылы музей ішінде жасырылған 7 негізгі жәдігерді QR-кодтар көмегімен іздеп таба алады. Студенттер қазақ жерінде алғаш мектеп ашқан Жәңгір хан, университет тарихындағы ардақты ректор Тұрсын Мырзабекованың өнегелі жолы туралы, сонымен қатар музей қорындағы асық, сақпан, жүзік, кимешек, Максим пулеметі секілді жәдігерлердің тарихына қатысты тапсырмаларды орындайды. Барлық тапсырмаларды дұрыс орындаған қонақтарға естелік сыйлықтар беріледі.

Сонымен қатар музей аумағында ХХ ғасырдағы тарихшының жұмыс бөлмесін сипаттайтын арнайы ретро-фотоаймақ құрылған. Мұнда ескі кітап шкафы, көне жазу машинкасы, қауырсын қалам мен тарихи карталар орналастырылып, фондық режимде 1970–1980 жылдардағы Қазақ радиосының алтын қорынан диктор Әнуарбек Байжанбаевтың дауысы жазылған хабарлар мен ретро әуендер берілді.

Шара барысында «Болашаққа аманат» атты акция ұйымдастырылып, қонақтар ұлттық оюмен безендірілген арнайы уақыт капсуласына өздерінің хаттарын салуда. Бұл капсула араға 10 жыл салып, 2036 жылы университеттің келесі буын студенттеріне салтанатты түрде ашылады.







