Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Германия Федеративтік Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы өкілдерімен ресми кездесу өтті.

                                      

Шараның мақсаты – қос мемлекет арасындағы жоғары білім беру және ғылым саласындағы байланыстарды нығайту, сондай-ақ QyzPU студенттері мен оқытушылары үшін жаңа халықаралық мүмкіндіктерді қарастыру.

                                         

Германия тарапынан кездесуге Бас консул Маттиас Кислер мен Мәдениет бөлімінің өкілі Айгүл Ақшабаева қатысты.

                                         

Жиын барысында университет Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова мәртебелі қонақтарды қарсы ала отырып, 80 жылдан астам тарихы бар QyzPU-дың Орталық Азиядағы бірегей мамандандырылған университет ретіндегі рөліне тоқталды. Ол Германияның ғылым мен инновациясы озық мемлекет әрі Қазақстанның Еуропадағы маңызды академиялық серіктесі екенін тілге тиек етті. Бұл ретте DAAD бағдарламалары мен Гёте-Институттың қызметі халықаралық байланыстарды нығайтуда үлкен рөл атқаратыны белгілі. Сонымен қатар Ректор халықаралық академиялық ұтқырлықты дамыту басымдық екенін айта келе, германиялық жоғары оқу орындарымен қос дипломды бағдарламаларды іске асыруға, неміс тілі мұғалімдерін даярлауға, инклюзивті білім беру, жасанды интеллект, EdTech және әйелдер көшбасшылығы бағытында бірлескен ғылыми зерттеулерді кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Сөз соңында ол 2026 жылы университет базасында өтетін «Deutsch in Zentralasien: Bildung, Innovation und Kooperation» атты IV Халықаралық Орталық Азия форумының маңызы зор екенін мәлімдеді.

                                         

Бас консул Маттиас Кислер өз кезегінде Германия тарапының Қазақстандағы педагогикалық білім беруді қолдауға ықыласты екенін жеткізді. Ол білім беру мен мәдениет саласындағы бірлескен бастамалар қос елдің ғылыми әлеуетін көтеріп қана қоймай, студенттердің кәсіби тұрғыдан жаһандық нарыққа бейімделуіне септігін тигізетінін атап өтті.

                                         

Кездесу қорытындысында қатысушылар екіжақты ынтымақтастықты практикалық тұрғыда жүзеге асыруға дайын екендіктерін растап, ғылыми-білім беру және мәдени бағыттардағы серіктестікті жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығын мақұлдады.