Республикалық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры аясында университет аумағында Жаратылыстану институты мен Биология кафедрасының ұйымдастыруымен жасыл желек егу шарасы өтті.

                                           

Ректор, студенттер және журналистер бірлесе отырып отырғызған гүлдер мен өсімдіктер алаңы алдағы уақытта «Журналистер аллеясы» деп аталатын арнайы жасыл аймаққа айналады деп жоспарлануда.

                                           

Игі бастама білім алушылардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған «Жасыл қадам: Тасқа салған табиғат» атты бірегей акция шеңберінде ұйымдастырылды.

                                            

Сонымен қатар, Экологиялық шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын, соның ішінде жауапты тұтыну мен өндірісті қолдау және құрлық экожүйелерін сақтау бағыттарын негізге алады.

                                          

Акция барысында университет басшылығы, журналистер мен студенттер  оқу орнының аумағына өсімдіктер егіп, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосумен қатар, шығармашылық қырларын да көрсетті. Жасыл акцияға қатысушылар табиғи тастарды бояп, оларға экологиялық ұрандар мен табиғат бейнелерін салды. Нәтижесінде бұл эко-арт туындылары университет ландшафты дизайнының ажырамас бөлігіне айналды.

                                           

Шараның маңыздылығына тоқталған Жаратылыстану институтының директоры Гауһар Өмірәліқызы аталған қозғалыс жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігінің көрінісі екенін жеткізді. Ол өз сөзінде ұжымның тек ағаш егіп қана қоймай, қалдықтарды қайта өңдеу мен экологиялық арт арқылы қоғамға ой салуды мақсат еткенін, өйткені тұрақты даму күнделікті кішкентай әдеттерден басталатынын атап өтті.