Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» халықаралық фестивалі аясында QyzPU мен Қытай Халық Республикасының Ланьчжоу университеті (Lanzhou University) арасында онлайн форматта қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша келісімге қол қою рәсімі ұйымдастырылды.
Ресми жиынға екі тараптан жоғары оқу орындарының басшылары мен білім саласының мамандары қатысты. Қытай тарапынан келісімді Ланьчжоу университетінің ректоры Янь Чуньпин бекітті.
Айта кетейік, қос оқу орны арасындағы ынтымақтастық өткен жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Сол уақытта тараптар серіктестік туралы меморандумға қол қойып, осы оқу жылында университет базасында ресми кездесу өткізген еді. Сондықтан бұл жолғы келісім – екіжақты халықаралық байланыстарды жаңа деңгейге көтерудің жалғасы.
Бұл құжат студенттерге алдағы уақытта екі университетте де қатар білім алып, қос диплом иеленуге және халықаралық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келісім академиялық байланыстарды кеңейтуге, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, оқытушылар мен білім алушылардың кәсіби тұрғыдан дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
