«Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» халықаралық фестивалінің ашылу салтанаты аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Қытай Халық Республикасы Қытай ғылым академиясының Шыңжаң астрономиялық обсерваториясы (Xinjiang Astronomical Observatory, CAS) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

                                       

Салтанатты шараға обсерватория атынан ресми өкіл ретінде Жарқын Есімбек қатысса, университет тарапынан құжатты Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова бастаған басшылық құрамы бекітті. Бұл – екі ұйым арасындағы ғылыми-академиялық байланыстың негізін қалаған алғашқы тарихи келісім.

                                      

 Осы келісім аясында жаратылыстану ғылымдары, оның ішінде астрономия, физика және цифрлық технологиялар бағыты бойынша тәжірибе алмасу, профессор-оқытушылар мен білім алушылардың халықаралық тағылымдамалардан өтуін ұйымдастыру, сондай-ақ заманауи ғылыми-әдістемелік ақпараттар мен материалдарды бірлесе игеру көзделген.

                                      

1957 жылы негізі қаланған Шыңжаң астрономиялық обсерваториясы – Қытайдың батыс өңіріндегі ең ірі астрономиялық ғылыми-зерттеу мекемесі. Құрамында үш мамандандырылған зертханасы мен төрт бақылау станциясы бар орталық гравитациялық толқындарды зерттеу, ғарыш объектілері мен Бэйдоу навигациялық желісі секілді ауқымды халықаралық жобаларды жүзеге асырады.