Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» халықаралық фестивалі аясында Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің қатысуымен «Тұрақты болашақ үшін білім берудің жаңа архитектурасы: жаһандық сын-қатерлер, инновациялар және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырылды.

                                      

2025 жылы Шанхай қаласында бастау алған «The Belt and Road Exchange» халықаралық жобасының заңды жалғасы ретінде бұл шараны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО өңірлік кеңсесі, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мұғалімдерді даярлау орталығы және Шанхай педагогикалық университеті бірлесе өткізді.

                                      

Шараның ресми бөлімінде халықаралық институционалдық серіктестікті ұзақ мерзімді негізде дамыту мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Педагогикалық білім беру орталығы (ҚХР) арасында халықаралық ынтымақтастық туралы Меморандумға салтанатты түрде қол қойылды.

                                     

Симпозиумның ашылу салтанатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова бұл келісімнің халықаралық деңгейдегі маңыздылығын көрсетіп: «Осы маңызды диалог алаңын бірлесе қалыптастырған серіктестерімізге шынайы алғысымды білдіремін. Қазіргі цифрлық трансформация мен жаһандық өзгерістер кезеңінде білім беру жүйесі тұрақты дамудың негізгі факторына айналып отыр, бұл үдерісте тұлға тәрбиелейтін білікті мұғалімдер даярлайтын педагогикалық университеттердің рөлі ерекше», – деп атап өтті.

                                      

Салтанатты келісімдер рәсімінен кейін шара отандық және Үндістан, Пенсильвания, Тәжікстан мен Қырғызстаннан келген шетелдік профессор-ғалымдардың мазмұнды баяндамаларымен жалғасты.

                                      

Жиын барысында қатысушылар жасанды интеллект және білім берудің болашағы, әлеуметтік-эмоционалдық оқытудың стратегиялық ресурстары, сондай-ақ Орталық Азия мен ҚХР жоғары оқу орындарындағы климаттық білім беру мен тұрақты даму перспективалары секілді өзекті үш бағыт бойынша баяндамалар жасап, педагогикалық білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірледі.