Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Тұрақты болашақ үшін білім берудің жаңа архитектурасы: жаһандық сын-қатерлер, инновациялар және жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық симпозиум аясында ауқымды секциялық отырыстар өтті.

Жиынның ерекшелігі – сараптамалық алаңдарға АҚШ, Үндістан, Түркия, Қытай және Орталық Азияның жетекші университеттерінен арнайы шақыртылған беделді профессорлар мен халықаралық деңгейдегі PhD ғалымдар қатысып, негізгі бағыттар бойынша маңызды баяндамалар жасады.

Үш негізгі секцияға бөлінген басқосуда сарапшылар жасанды интеллект, әлеуметтік-эмоционалдық оқыту және климаттық білім беру мәселелерін тереңнен талқылады.

Заманауи цифрлық инновациялар қаралған отырыста Pennsylvania State University (АҚШ) қауымдастырылған профессоры Ермек Нұрқайдаров Calculus пәнін оқытуда OpenAI құралдарын қолданудың бірегей тәжірибесімен бөліссе, JNTU University және CMR Engineering College (Үндістан) өкілі, PhD, доцент А. Прамод Кумар интеллектуалды педагогика арқылы жаңа буынның құзыреттілігін қалыптастыру бойынша маңызды баяндама ұсынды.

Сонымен қатар, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстаннан арнайы шақыртылған халықаралық мамандар әлеуметтік-эмоционалдық оқытудың стратегиялық маңызына тоқталып, буллингтің алдын алудағы EQ-технологиялары мен инклюзивті ортадағы эмоциялық қауіпсіздік бойынша халықаралық кейстерді ортаға салды.

Климаттық білім беру және тұрақты даму бағытында Түркия, Өзбекстан және Қытай Халық Республикасының жетекші ғалымдары сөз сөйлеп, жоғары оқу орындарына STEM/STEAM технологияларын енгізудің жаңа стратегияларын баяндады.

Халықаралық профессорлар мен зерттеушілер ұсынған сапалы баяндамалардың қорытындысы бойынша симпозиум соңында білім беру саясаты мен жаһандық академиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.





