Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Педагогикалық идеялар фестивалі аясында Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхананың бастамасымен «Ғылыми кітапхана – зерттеушінің серіктесі: ақпараттық ресурстар, деректер және инфрақұрылым» атты практикалық семинар-воркшоп өтті.

Іс-шараның мақсаты – кітапхананың заманауи мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқытушылар мен зерттеушілердің ғылыми және педагогикалық өнімділігін жаңа деңгейге көтеру.

Шараға арнайы шақырылған Informascope және «Эпиграф» дерекқорының өкілдері қатысушыларға халықаралық ақпараттық ресурстармен жұмыс істеу, инклюзивті білім беру платформаларының мүмкіндіктері және Scopus халықаралық базасында мақала жариялаудың тиімді жолдары бойынша практикалық кейстерін ұсынды.
Практикалық семинар барысында қатысушылар ғылыми зерттеудің толық циклінен өтіп, әдебиеттерді іздеуден бастап мәтінді плагиатқа тексеруге дейінгі кезеңдер бойынша тәжірибе жинақтады. Шараның ерекше сәті ретінде Research Sprint форматы мен «Өзіңді зерттеуші ретінде тексер» интерактивті quiz-викторинасын атап өтуге болады.

Жиын барысында Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова сөз сөйлеп, университет оқытушысының қызметіндегі ғылым мен ақпараттық мәдениеттің рөліне тоқталды: «Педагогикалық университетте әрбір оқытушы болашақ мұғалімдерге ақпаратпен жұмыс істеу мәдениетін жеткізетін үлгі болуы тиіс. Сондықтан сенімді дереккөздерге қол жеткізу – сіздердің педагогикалық шеберліктеріңіздің негізі. Бұл ретте кітапхана жай ғана құрылым емес, әлемдік ғылыми кеңістікпен байланыстыратын толыққанды серіктеске айналып отыр», – деді ректор.

Кеш қорытындысында ректор мен университет проректорлары MyLOFT платформасын ең белсенді пайдаланған «ТОП-5 Оқытушы» мен «ТОП-5 Кафедра» номинациясының жеңімпаздарын, сондай-ақ воркшоп барысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларды арнайы марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.



