Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Кәсіби тәжірибе және мансап» бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі – 2026: Болашаққа нық қадам!» іс-шарасы өтті.

                                      

Ауқымды шараның мақсаты – бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуға ықпал ету, жас мамандар мен жұмыс берушілер арасында тікелей диалог алаңын құру және мансаптық бағыт-бағдар беру. Жәрмеңкеге жалпы 2000-ға жуық түлек және 100-ге жуық жетекші білім беру ұйымдары мен алдыңғы қатарлы компаниялар қатысты.

                                      

Ауқымды шараға білім беру саласынан Назарбаев Зияткерлік мектептері, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы мектепке дейінгі, орта және арнаулы орта білім беру ұйымдары, мемлекеттік және әлеуметтік құрылымдардан Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығы қатысты. Сонымен қатар мәдениет және ғылым бағыты бойынша шығармашылық орталықтар, Алматы қаласындағы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мен ғылыми-зерттеу институттары, сондай-ақ бизнес пен қызмет көрсету саласынан екінші деңгейлі банктер мен туристік агенттіктер белсенділік танытты.

                                       

Жиын барысында бітіруші түлектер жұмыс берушілермен тікелей жүздесіп, компания өкілдерімен жеке сөйлесу арқылы бос жұмыс орындарымен танысты.

                                     

Олар өздерінің түйіндемелерін тікелей HR мамандарына тапсырып, тәжірибелі мамандардан құнды мансаптық кеңестер алды, сондай-ақ магистратураға түсуге қатысты өзекті ақпараттарға қанықты.