Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Любовь Темникова Вьетнамның Дананг қаласында өткен грепплингтен Азия чемпионатында (UWW Asian Grappling Championships 2026) айтулы жетістікке қол жеткізді. Отандық спортшы құрлықтық додада үздік үштіктің қатарынан көрініп, жүлделі 3-орынды иеленді.

Биылғы Азия чемпионаты Азия күрес комитетінің (United World Wrestling) күнтізбесіне сәйкес ұйымдастырылып, оған құрлықтың ең мықты балуандары жиналды. Грепплинг – бұл буыннан тарту, тұншықтыру әдістері мен партердегі белдесуді негізге алатын, спортшыдан жоғары тактикалық дайындық пен төзімділікті талап ететін күрес түрі.

Университетіміздің мақтанышы Любовь Темникова бұл бәсекеде нағыз спорттық мінез бен теңдессіз ерік-жігер көрсетті. Спортшының өз салмағы 50 келі болса да, өзінен әлдеқайда ауыр – 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қарсыластарымен күресіп, жеңіске жетті.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Любовь Темникованы халықаралық аренадағы жарқын жеңісімен құттықтайды және алдағы әлемдік додаларда жаңа белестерді бағындыруын тілейді!