Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Дене шынықтыру және спорт кафедрасының ұйымдастыруымен профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер және Кәсіби білім беру колледжі арасында дәстүрлі спартакиада басталды.
Спорттық іс-шараның мақсаты – ұжым арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтырумен жүйелі шұғылдануды насихаттау және құрылымдық бөлімдер арасындағы корпоративтік мәдениет пен спорттық ынтымақтастықты нығайту.
Университеттің спорт кешенінде өтіп жатқан бұл спартакиада ағымдағы жылдың 9-25 маусым аралығында спорттың 7 түрі бойынша ұйымдастырылуда. Қатысушылар үстел теннисі, жүзу, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, арқан тарту және оқ ату бағыттары бойынша жарысқа түседі.
Жарыс қорытындысы бойынша жекелей және командалық есепте озып шыққан жеңімпаздар арнайы дипломдармен, кубоктармен және медальдармен марапатталады. Сонымен қатар ұйымдастыру комитетінің шешімімен үздік танылған қатысушыларға «Жеңіске деген жігері үшін», «Үздік мерген», «Үздік команда» және «Спорттық рухы үшін» номинациялары табысталады.
