Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы оқу орнының Қабылдау комиссиясының 2026 – 2027 оқу жылына талапкерлерді қабылдауға дайындығын тексерді.

                                      

Жұмыс барысында Қабылдау және кәсіби бағдар бөлімінің басшысы Әбікенова Салтанат Мәуленқызы комиссия орналасқан арнайы аумақты таныстырып, университет тарапынан құжат қабылдау науқанына барлық қажетті жағдай жасалғанын айтты.

                                      

Қазіргі уақытта қабылдау комиссиясының жұмысына жауапты мамандар, техникалық хатшылар және кеңесшілер жұмылдырылған. Сонымен қатар талапкерлер үшін демалыс аймақтары, медициналық көмек көрсету және кеңес беру кабинеттері қарастырылып, комиссия қажетті техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

                                      

Ректор қабылдау комиссиясының мүшелерімен кездесіп, қабылдау науқаны университеттің имиджі мен талапкерлердің болашақ мамандығын таңдаудағы маңызды кезең екенін атап өтті. «Біздің басты міндетіміз – әрбір талапкерге сапалы, ашық әрі қолжетімді қызмет көрсетіп, жан-жақты кеңес беру арқылы қабылдау кезеңін жоғары деңгейде ұйымдастыру. Сондықтан қабылдау науқанына қатысатын әрбір қызметкер өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

                                       

Қабылдау комиссиясы ресми түрде 20 маусымнан бастап жұмысын бастайды. Қабылдау науқаны аясында университет құрамындағы 5 институт атынан мамандықтар бойынша 14 техникалық хатшы және студенттер қатарынан құрылған 16 кеңесші жұмыс істейді. Олар талапкерлерге 2026–2027 оқу жылына қабылдау ерекшеліктері, білім беру бағдарламалары, мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысу тәртібі мен құжат тапсыру кезеңдері туралы толық ақпарат беріп, бағыт-бағдар көрсетеді.

                                      

Талапкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қабылдау комиссиясында арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ұйымдастырылған. Мұнда талапкерлер Platonus электрондық жүйесіне тіркеліп, құжаттарын енгізе алады. Кейін электрондық кезек алып, өз кезегі келген уақытта қажетті құжаттарын техникалық хатшыларға тапсырады. Сондай-ақ университетте әрбір білім беру бағдарламасы бойынша кеңес беретін жеке кабинеттер мен келушілерге арналған арнайы демалыс орындары қарастырылған.

                                       

Бүгінде университетте 12 мыңнан астам студент білім алуда. Оқу орнының құрамында колледж және 5 институт жұмыс істейді. Олар: Педагогика және психология институты, Филология институты, Физика, математика және цифрлық технологиялар институты, Жаратылыстану институты, сондай-ақ Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты.

                                       

  • Қабылдау комиссиясының жұмыс мерзімі:
  • 20 маусымнан 25 тамызға дейін.
  • Жұмыс уақыты: дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00 – 18:00
  • Мекенжайы: Бас оқу корпусы, 1-қабат (Гоголь көшесі, 114/1)
  • Байланыс нөмірі: +7 727 237 00 77
  • Әлеуметтік желі: qyzpu_qabyldau
  • E-mail: info@qyzpu.edu.kz,  priem_zhenpu@qyzpu.edu.kz