QyzPU-дың қауымдастырылған профессоры Топанова Гүлмира Туяққызы 2026 жылдың 15–23 маусымы аралығында Армения Республикасындағы Мхитар Гераци атындағы Ереван мемлекеттік медициналық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасынан өтті.
Бұл шара Ереван мемлекеттік медициналық университеті ректоратының ресми шақыруымен ұйымдастырылды. Академиялық бағдарламаның орындалуын аталған жоғары оқу орнының Клиникалық психология кафедрасы және кафедра меңгерушісі Гаянэ Акоповна Казарян үйлестірді.
Сапар аясында Ереван мемлекеттік университетінің Жалпы психология кафедрасының меңгерушісі, профессор Грант Аванесянмен және Ресей-Армян университетінің Психология кафедрасының меңгерушісі, профессор Ася Берберянмен жұмыс кездесулері өтті. Басқосуларда оқу процесін ұйымдастыру, магистранттар мен докторанттардың ғылыми зерттеулерінің өзектілігі, клиникалық және кризистік психология бағыттары бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Кездесулердің негізгі нәтижесі ретінде 2026–2027 оқу жылына арналған Жұмыс жоспарына қол қойылды. Құжат шеңберінде бірлескен білім беру бағдарламалары мен жарияланымдарды әзірлеу, кризис психологиясы бойынша онлайн-вебинарлар өткізу, сондай-ақ әдістемелік ұсынымдар мен супервизия хаттамаларын құру көзделген.
Тәжірибелік ынтымақтастықты арттыру мақсатында Психикалық денсаулық орталығының жетекші мамандарымен және психотерапевтерімен кәсіби күйзеліс кезіндегі психологиялық көмек әдістерін дамыту бағытында өндірістік байланыс орнатылды. Сонымен қатар «Корпоративтік денсаулық» жобасы аясында практик психотерапевт Арминэ Авагянмен кездесу өтіп, білім беру ұйымдарына психологиялық қолдау бағдарламаларын енгізу мәселелері пысықталды.
Бағдарлама QyzPU мен ЕГМУ арасындағы ұзақмерзімді серіктестікке берік негіз қалады, сондай-ақ Ресей-Армян университетімен психология ғылымы мен білімі саласындағы өзара іс-қимылдың жаңа перспективаларын ашты.
