Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы мен Аппарат басшысы Кожина Бота Саматқызы Қытай Халық Республикасының Циндао қаласында (Шаньдун провинциясы) өтіп жатқан Қытай-ШЫҰ ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық жөніндегі бірінші конференциясына қатысуда.

Іс-шара «Бірге жаңа белестерге: ШЫҰ ғылыми-техникалық интеграциясының қорытындылары мен перспективалары» тақырыбы аясында ұйымдастырылып отыр.

Сондай-ақ еліміздің ресми делегациясы құрамында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жайық Тоқтаров бар.

Ауқымды шараға ШЫҰ-ға мүше елдердің саяси қайраткерлері, ғалымдары, ғылыми-техникалық кәсіпорын жетекшілері мен жас инноваторлары жиналды. Олар жасанды интеллект, заманауи ауыл шаруашылығы, өмір сапасы мен денсаулық, зияткерлік меншікті қорғау бағыттары бойынша өзара диалог жүргізуде.

Конференцияның негізгі алаңы ретінде 2025 жылдың қыркүйегінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының Тяньцзинь саммитінде негізі қаланған Қытай-ШЫҰ ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастық орталығы таңдалған. Бұл орталық технологиялар трансфері, цифрландыру және бірлескен жоғары технологиялық әрі инвестициялық жобаларды іске қосу платформасы қызметін атқарады.

Заманауи ғылым мен технологияның даму үрдісі педагог кадрларды дайындау мен мамандар біліктілігін арттыру тәсілдерін үздіксіз бейімдеп отыруды қажет етеді. Бүгінгі таңда бұл бағыттағы халықаралық серіктестік серпінді дамып келеді. Мұндай жаһандық байланыстар ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды рөл атқарады.
