Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ағымдағы жылдың 15–30 маусым аралығында оқытушылар мен зерттеушілерге арналған «Зерттеу әдістері» атты біліктілікті арттыру курсы өтті.

Шараны University College London (UCL) зерттеушісі, жоғары білім беру саясаты мен басқару саласының маманы, Дүниежүзілік банк жобаларының жетекшісі болған PhD докторы Динара Сұлтан жүргізді.

Дәріскердің Орталық Азиядағы адами капиталды дамыту және реформаларды іске асыру бағытындағы халықаралық тәжірибесі қатысушыларға ғылыми зерттеудің заманауи әдіснамасын терең меңгеруге мүмкіндік берді.

Екі апталық бағдарлама аясында университет ізденушілері ғылыми жобаларды жоспарлау, деректерді жинау мен талдау, академиялық жазылым және цифрлық зерттеу құралдарын тиімді пайдалану бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді.

Оқытудың нәтижесі ретінде қатысушылар отандық және халықаралық рецензияланатын дерекқорларда жариялануға арналған ғылыми мақалалардың алғашқы жобаларын әзірледі.

 Бұл бастама – оқу орнының ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтып, сапалы білім беруді (ТДМ 4) және жаһандық ғылыми серіктестікті (ТДМ 17) дамытуға бағытталған Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға қосқан жүйелі үлесі.