Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Нұртайұлы Өксікбаев пен шығыстанушы, түрколог-лингвист ғалым Зәріпбай Жұманұлы Оразбай бірлесіп жазған «Құрылтай феномені» кітабымен танысып, оң пікірін білдірді.
Мемлекет басшысы өз хатында Ұлы Даладағы мемлекеттік басқару дәстүрінің тарихы тереңде жатқанын әйгілейтін бұл зерттеудің мән-мағынасы ерекше екенін атап өтті.
Айта кетейік, ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне жол ашатын жаңа Конституция биылғы 1 шілдеден бастап заңды күшіне енген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, жарық көрген жаңа еңбек қалың оқырман қауымға Құрылтай институтының қоғамдағы рөлі мен маңызы жөнінде пайдалы мәлімет беретініне сенім білдіріп, Мемлекет басшысы авторларға қажырлы еңбектері үшін ризашылығын жеткізді.
Еске сала кетейік, қазақ, түрік және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесер рәсімдері Алматы және Астана қалаларында өткен болатын.
Университеттің «Ұлы Дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының жобасы аясында дайындалған бұл іргелі зерттеу алғаш рет қазақ тіліне аударылған онға жуық ортағасырлық қолжазба негізінде жазылып, отандық тарих ғылымы мен ұлттық сананы нығайтуға бағытталған.

