Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы ұсынған ғылыми жобалар Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылға арналған ғылыми гранттар конкурсының екінші кезеңіне жолдама алды.
Аталған конкурс Алматы қаласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы аясындағы ғылыми зерттеулерді қолдауға бағытталған.
Байқаудың басты ерекшелігі – жобалардың қолданбалы сипаты. Яғни, ғылыми идеялар қала инфрақұрылымына енгізілетін, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін нақты шешімдерге айналуы тиіс.
Конкурс келесі басым бағыттарды қамтиды: жайлы қалалық ортаны дамыту, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, урбандалу үдерістерін тиімді басқару, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту, «Жасыл Алматы» экологиялық бастамаларын жүзеге асыру, «Алматы – Smart City» цифрлық трансформациясын дамыту, «Қауіпсіз қала» тұжырымдамасын іске асыру.
Байқауға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарынан жүздеген жоба ұсынылды. Сарапшылар комиссиясының шешімімен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ұсынған 29 жобаның 18 жобасы конкурстың екінші кезеңінің қысқа тізіміне (short list) енгізілді.
2026 жылғы 20 шілдеде конкурстың екінші кезеңі аясында бизнес-акселерация бағдарламасы басталды. Оның негізгі мақсаты – жоба командаларын Demo Day қорытынды таныстырылымына дайындау. Бұл іс-шара 7 тамызға жоспарланған. Қорытынды қорғаудан кейін жобалар Алматы қаласы әкімдігінің қаржылық қолдауына ұсыну немесе ұсынбау туралы шешім қабылданады. Бұл – университетіміздің ғылыми әлеуеті мен профессор-оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігін айқын көрсететін маңызды жетістік.
