Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Алтын Орда тарихындағы әйелдер: билік, дипломатия және мәдениет» атты ғылыми дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – Алтын Орданың саяси, дипломатиялық, мәдени және рухани өміріндегі әйелдердің рөлін кешенді зерделеп, ортағасырлық Еуразия мемлекеттеріндегі әйел көшбасшылығын зерттеудің заманауи тәсілдерін талқылау.
Ғылыми басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алтын Орда мұрасын халықаралық ғылыми қауымдастықпен бірлесе жүйелі зерттеу, ұлттық тарихты жаңғырту және Ұлық Ұлыстың құндылықтарын қазіргі өркениетпен сабақтастыру жөніндегі бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Жиынның ашылуында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова сөз сөйлеп: «Алтын Орда тарихын әйел тұлғасы арқылы жаңа қырынан зерделеу – уақыт талабы. Ұзақ жылдар бойы тарих негізінен билеушілер мен әскери жорықтар төңірегінде баяндалып келді. Ал бүгінгі тарих ғылымы қоғамның дамуында, дипломатия мен мәдениетте әйелдердің де орны айрықша болғанын дәлелдеп отыр. Біздің міндетіміз – кәсіби білікті маман даярлаумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, тарихи санасы берік, көшбасшы қыздарды тәрбиелеу. Бүгінгі ғылыми талқылаудан туындайтын ұсыныстар жаңа зерттеулерге негіз болады деп сенемін», – деп атап өтті.

Шараның құрметті қонағы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Гаухар Тасбергенова өз сөзінде әйелдің тарихтағы орнының маңызын атап өтіп, қыз балаларды білімді әрі көшбасшы тұлға ретінде тәрбиелеу ісінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің еңбегіне жоғары баға берді.

Дөңгелек үстелге жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан, ҚР ҒЖБМ ҒК «Философия, саясаттану және дінтану институты» ШЖҚ РМК Бас директоры Айгүл Сәдуақасова, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының ғалымдары, Алтын Орда тарихын зерттеушілер, археологтар, шығыстанушылар, мәдениеттанушылар, ислам өркениетін зерттеуші ғалымдар және жас зерттеушілер қатысты.




Жиын модераторы, QyzPU Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева әйелдердің мемлекеттік басқару жүйесіндегі, дипломатиядағы және мәдени мұраны қалыптастыру мен сақтаудағы рөліне тоқталып, Алтын Орданың көрнекті әйел тұлғаларын зерттеудің бүгінгі өзектілігін атап өтті.

Баяндамаларда Алтын Орда дәуіріндегі әйелдердің саяси және мәдени мұрасы, Жошы ұлысындағы әйелдердің қоғамдық орны, ортағасырлық ойшылдардың дүниетанымы, гендерлік фактордың тарихи зерттеулердегі орны, музейлік репрезентация мәселелері, сондай-ақ ақсүйек әйелдердің қолөнер мен зергерлік өнердің дамуына қосқан үлесі жан-жақты сараланды.
Сонымен қатар Баку славян университетінің профессоры Севда Ахундова бастаған шетелдік ғалымдар онлайн форматта қатысып, өз баяндамаларын ұсынды.

Іс-шара аясында қазақ әйелдерінің тарихи рөлі мен қоғамдық мәртебесін айшықтайтын арт-көрме, сондай-ақ сирек басылымдар қойылған тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.

