Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Физика, математика және цифрлық технологиялар институты Физика кафедрасының 2-3 курс студенттері Қытай Халық Республикасындағы China University of Petroleum-Karamay базасында өткен халықаралық Chem-E-Car инженерлік жарысына қатысты.
Бұл сайыс студенттердің химия, физика және инженерия салаларындағы теориялық білімін тәжірибеде қолдануға бағытталған. Байқау барысында университет командасы химиялық реакция есебінен қозғалатын «ChemRocket I» автокөлігінің инженерлік жобасын әзірлеп, оның техникалық шешімдері мен қауіпсіздік талаптарын қамтитын Engineering Design Package (EDP) құжаттамасын сәтті қорғады.
Ғылыми жоба Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының ынтымақтастығы аясында бірлесіп жүзеге асырылды. Команданың ғылыми жетекшісі – PhD, аға оқытушы Мамбаева Алтынай Шарбековна.
Халықаралық жарысқа қатысу студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырып, университет пен ғылыми-өндірістік ұйымдар арасындағы байланысты нығайтуға әрі білім ордасының халықаралық академикалық кеңістіктегі позициясын арттыруға ықпал етеді.




