Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Корея ұлттық білім беру университетінің (KNUE) және Алматы корей білім беру орталығының өкілдерімен ынтымақтастық кездесуі өтті.

Жиынға Корея тарапынан KNUE Қабылдау және студенттер ісі жөніндегі басқарма басшысы Ли Санги, Денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Сон Инхва, сондай-ақ Алматы корей білім беру орталығының директоры Ким Хонгхван, директордың орынбасары Ли Тэгон және Мектептерді қолдау бөлімінің басшысы Дәлелхан Мөлдір қатысты.

Меймандарды QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы бастаған университет басшылығы қарсы алып, екіжақты серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады. Басқосуда Ректор білім беруді цифрландыру және жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды: «Қазір білім беруді цифрландыру, қашықтан оқыту мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа технологияларды оқу үдерісіне енгізу – барлық жоғары оқу орындары үшін маңызды міндет. Сондықтан бұл бағытта тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік бар деп ойлаймын».

Өз кезегінде KNUE Қабылдау және студенттер ісі жөніндегі басқарма басшысы Ли Санги екі оқу орнының мақсат-міндеттері ортақ екенін атап өтті: «Екі университеттің алға қойған мақсаты мен даму бағыты ұштасады. Біз педагогика саласын заманауи тенденцияларға сай дамытуға, соның ішінде жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне тиімді енгізуге және болашақ педагогтарды даярлауда бірлесе жұмыс істеуге ашықпыз».

Кездесу барысында тараптар педагогикалық білім берудегі озық тәжірибелермен алмасу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ Кореяда білім алу мен тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін қарастыру мәселелерін талқылады.

Кездесуге қатысқан Корея ұлттық білім беру университеті (KNUE) – 1984 жылы құрылған, Оңтүстік Кореядағы мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру педагогтерін даярлау мен педагогтердің біліктілігін арттыруға маманданған жалғыз кешенді ұлттық жоғары оқу орны. Ал Алматы корей білім беру орталығы – 1991 жылдан бері Елшілік жанында жұмыс істей отырып, Қазақстанда корей тілі мен білім беру тәжірибесін ілгерілетуге, сондай-ақ екі ел арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға жауапты ресми мекеме.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар талқыланған басымдықтарды одан әрі дамытып, алдағы уақытта екі университет арасында ынтымақтастық меморандумына қол қоюға және білім беру орталығымен тығыз байланыс орнатуға шешім қабылдады.
.jpg)
Сонымен қатар Корея ұлттық білім беру университетінің волонтерлік құрамы QyzPU-дың оқу корпустарын аралап, кампус инфрақұрылымымен және білім беру жүйесімен танысты.

