Бүгін Астана қаласында республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, білім беру саласының өзекті мәселелеріне тоқталып, педагогтердің қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.
«Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналған маңызды жиынға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова бастаған делегация арнайы қатысты.
Тамыз конференциясында педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, білім сапасын әділ бағалау, мектептердегі кадр тапшылығын азайту, мұғалімдерді қағазбастылық пен оқу процесіне қатысы жоқ жұмыстардан босату, дарынды балаларды қолдау, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды білім беру жүйесіне енгізу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар білім беру мазмұнында Конституция құндылықтарын, «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» идеяларын орнықтырудың маңыздылығы айтылды.
Мемлекет басшысы білім саласындағы барлық тараптың – мемлекет, ұстаз және ата-ананың – ортақ жауапкершілігіне тоқталып, өскелең ұрпақты сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбиеге баулудың маңызын атап өтті. «Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді Президент.
Педагог кадрларын даярлауға маманданған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті үшін бұл міндеттердің мәні айрықша.
Университет Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарды басшылыққа ала отырып, білімі терең, кәсіби құзыреті жоғары, заманауи технологияларды меңгерген және ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын жаңа буын педагогтерді даярлауға өз үлесін қоса береді.
Жиын соңында білім беру саласында ерекше жетістіктерге жеткен бірқатар білікті ұстаздар Мемлекеттік наградалармен марапатталды.
