Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде студенттердің университеттің қоғамдық және стратегиялық даму үдерістеріне қатысуына мүмкіндік беретін «Студенттік құрылтай» алғаш рет жасақталды.

Құрылтайдың негізгі мақсаты – студенттердің мүддесін білдіру, олардың ұсыныстары мен бастамаларын жүйелі түрде жинақтау, университет басшылығымен тұрақты диалог орнату және шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын қамтамасыз ету.

Студенттік құрылтай жұмысы ашықтық, өзара жауапкершілік және конструктивті диалог қағидаттарына негізделеді. Оның құрамында ғылым, академиялық сапа, инфрақұрылым, цифрлық даму, экология, мәдениет, әлеуметтік мәселелер және инклюзия, кәсіпкерлік, құқықтық сауаттылық, халықаралық ынтымақтастық бағыттарын қамтитын 10 арнайы комитет жұмыс істейді.

Комитеттер өз бағыттары бойынша студенттердің ұсыныстарын талдап, білім сапасы мен академиялық адалдықты арттыру, ғылыми-зерттеу белсенділігін дамыту, инфрақұрылым мен цифрлық ортаны жетілдіру, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және жастардың құқықтық әрі экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды ұсынады.

Құрылтайдың идеялық-тәрбиелік негізі ретінде студент қыздардың мәдени, интеллектуалдық және тұлғалық дамуына бағытталған «Парасат мектебі» концепциясы айқындалды. Ол білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, жауапкершілігі жоғары, қоғамдық белсенді және көшбасшылық қабілеті қалыптасқан тұлға тәрбиелеуге бағытталған.

Құрылтай құрамына оқу үлгерімі жоғары, қоғамдық белсенді және көшбасшылық қабілеті бар студенттер арасынан өкілдер іріктелді. Олар өз құрдастарының пікірін университет басшылығына жеткізіп, нақты ұсыныстар мен бастамалардың жүзеге асуына атсалысады.

Студенттік құрылтай – студенттік өзін-өзі басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, жастардың университет дамуына белсенді араласуына жол ашатын маңызды алаң.