Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» алғашқы көпжақты саммиті аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері ғылым мен инновация бағыттары бойынша арнайы кездесулерге қатысып, келіссөздер жүргізуде.

                                                 

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова бастаған делегация Корея Республикасына жұмыс сапары аясында Cyber Hankuk University of Foreign Studies (CUFS) басшылығымен кездесті.

                                                

Кездесу барысында екі университет арасындағы халықаралық серіктестікті кеңейту, цифрлық білім беруді дамыту, шет тілдерін оқыту, корей тілі мен мәдениетін ілгерілету, академиялық ұтқырлықты арттыру, сондай-ақ ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. CUFS басшысы, профессор Хви-Чанг Мун өз сөзінде педагогикалық білім берудің озық тәжірибелерін зерделеу, студенттер мен оқытушыларға жаңа білім беру мүмкіндіктерін ұсыну екі университеттің халықаралық қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

                                                

Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – KF Global e-School бағдарламасы аясында өзара келісімге қол жеткізу болды. Бағдарлама QyzPU студенттерінің халықаралық білім беру ресурстарына қолжетімділігін кеңейтіп, корей тілі мен мәдениетін және Корея туралы білімді заманауи онлайн форматта меңгеруге мүмкіндік береді.Тараптар ынтымақтастықты төрт негізгі бағытта дамытуға келісті: шетел тілдерін оқыту және тілдік білім беру; корей тілін оқыту және корей мәдениетін насихаттау; цифрлық және жасанды интеллект негізіндегі білім беру; ғылыми-зерттеу және академиялық ынтымақтастық.

                                               

Сонымен қатар студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейтуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қысқа мерзімді оқу бағдарламаларын, тағылымдамаларды, бірлескен курстарды және онлайн академиялық ұтқырлық форматтарын іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Кездесу соңында тараптар қол жеткізілген келісімдерді нақты жобаларға айналдырып, екі университет арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.

                                               

CUFS басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы Алматыға, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне шақырылды. Бұл ұсыныс бірлескен жобаларды талқылап, жаңа бастамаларды нақтылауға мүмкіндік береді. Кездесу Қазақстан мен Корея арасындағы академиялық байланыстарды нығайтып, білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.