Қазақстан мен Корея арасындағы академиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды кездесулер барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестігін кеңейтті.

                                               

Осы бағыттағы жұмыстар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары және Сеулде алғаш рет өткен «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммиті аясында ұйымдастырылған Қазақстан–Корея жоғары білім беру саласындағы кездесулер барысында жалғасты.

                                               

Сеулде өткен Қазақстан–Корея дөңгелек үстеліне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстанның жоғары оқу орындарының басшылары және Кореяның жетекші университеттерінің өкілдері қатысты.Іс-шара барысында QyzPU мен Кореяның үш жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы үш келісімге қол қойылды. Атап айтқанда: Cyber Hankuk University of Foreign Studies (CUFS), Seoul National University of Science and Technology (SeoulTech), Korea National University of Education (KNUE).

                                                

Келісімдер академиялық байланыстарды нығайтуға, білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарындағы бірлескен жобаларды дамытуға, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейтуге және тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

                                               

QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова халықаралық серіктестікті дамыту университеттің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін айтып: «Мемлекет басшысының қолдауы және Ғылым және жоғары білім министрлігінің халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жүйелі жұмысы қазақстандық жоғары оқу орындарының шетелдік жетекші университеттермен байланысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр. QyzPU үшін Кореяның жетекші университеттерімен серіктестік – білім беру сапасын арттыруға, ғылыми әлеуетті нығайтуға және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа академиялық мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті.

                                               

Жаңа келісімдер QyzPU-дың халықаралық серіктестік желісін кеңейтіп, Қазақстан мен Корея арасындағы білім және ғылым саласындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.