Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ғалымдарының 5 ғылыми жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өтіп жатқан қалалық ғылыми гранттар конкурсының үшінші кезеңіне өтті. Бұл бастамалар байқауға түскен 229 өтінімнің ішінен сараланып, үздік 70 жобаның қатарына кірді.

Аталған конкурс Алматы қаласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясына сәйкес, қолданбалы ғылыми зерттеулерді мегаполис инфрақұрылымы мен экономикасына енгізуді көздейді. Бұған дейін университеттiң 18 жобасы екінші кезеңге өтіп, ғалымдарымыз бес апталық акселерациялық бағдарлама аясында өз жобаларының коммерцияландыру әлеуеті мен практикалық маңыздылығын шыңдаған болатын.

Іріктеудің шешуші кезеңіне Жанар Тұрсынның автокөлік газдарын тазартуға арналған нанокомпозиттер технологиясы, Эльмира Иманованың «EcoSchool Almaty» мектептік экологиялық мониторинг IT-платформасы, Мереке Таңқыбаеваның «Білім Баршаға» (Digital Tutor) инклюзивті білім беру цифрлық жүйесі, Назира Сәндібаеваның физика пәні бойынша виртуалды зертханалар кешені және Сұлтанмахмұт Шоқбытовтың «Urban Sport Map Almaty» спорт инфрақұрылымының цифрлық картасы жобалары жолдама алды.

Алдағы кезеңде жобаларды қорғау және сарапшылық бағалау өтеді. Жоғары балл жинаған үздік жоба авторлары Алматы қаласы әкімдігі тарапынан ғылыми бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға арналған гранттық қаржыландыруға ие болады.