Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Ұлыбританияның жетекші Сассекс университеті өкілдерінің қатысуымен халықаралық дәріс-семинарлар өтті.
Ұлыбританиялық делегация QyzPU-ға екіжақты келісімдерді нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және академиялық әріптестікті кеңейту сапары аясында келді.
Сапар барысында Сассекс университетінің Халықаралық істер жөніндегі вице-канцлерінің орынбасары, профессор Саймон Томпсон PhD докторанттарына арналған «Developing Sustainable Professional Learning Communities through Researching the Scholarship of Teaching and Learning» тақырыбында практикалық семинар өткізді.
Кездесуде қатысушылар оқыту сапасын зерттеу (SoTL) арқылы оқытушылардың кәсіби қоғамдастығын дамыту және докторанттардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру жолдарын талқылады.
Сонымен бірге Сассекс университетінің Білім беру департаментінің басшысы Кит Перера магистранттар мен университет басшылығына арналған «Focus Group on AI and Education» семинарын жүргізді.
Басқосуда жасанды интеллекттің білім берудегі мүмкіндіктері, оның оқыту үдерісіне ықпалы және жоғары білім берудегі AI құралдарын тиімді қолдану мәселелері сөз болды.

Бұл халықаралық дәрістер университетте 1-курс магистранттарын ғылыми-зерттеу ортасына бағыттау, академиялық мотивациясын арттыру және отандық әрі шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу мақсатында өтіп жатқан «Ғылымға алғашқы қадам» ғылыми семинарлар сериясы аясында ұйымдастырылды.
Аталған серия шеңберінде, сонымен бірге, QyzPU Ғылым департаментінің директоры Жоламан Бектемесов Scopus дерекқорында ғылыми мақалаларды іздеу мен бағалау тетіктерін түсіндірді, ал Жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Мөлдір Абдраймова магистрлік диссертацияны сәтті қорғау талаптарын таныстырды. Бұдан бөлек, Абай университетінің өкілі, PhD Анар Мұхтарова жас зерттеушілерге практикалық кеңестерін ұсынды.
Университеттің халықаралық әріптестігін айшықтаған сапар жас ғалымдардың теориялық білімін практикамен ұштастырып, әлемдік ғылыми-зерттеу тәжірибесімен танысуына жол ашты.
Үш күнге жоспарланған ауқымды семинарлар легі ертең де шетелдік ғалымның кезекті дәрісімен өз жалғасын табады.
