Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары Қырғызстандағы Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінде көрнекті ғалым, лексиколог, библиограф, филология ғылымдарының докторы, профессор Шералы Жапаровтың 90 жылдығына арналған «Профессор Ш. Жапаровтың қырғыз тіл біліміне қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Халықаралық ғылыми жиын Қырғыз Республикасы Президентінің «Ұлттық рух – әлемдік биіктік» тұжырымдамалық бағытын іске асыруға және қырғыз тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 37 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

QyzPU атынан филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Н. Ермекова және Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. С.А. Асанбаева арнайы шақыртумен қатысты.

Басқосуда қазіргі қазақ және қырғыз тіл біліміндегі жаңа бағыттағы зерттеулер, түркі тілдерінің өзара сабақтастығы, тілтану ғылымының өзекті мәселелері және білім берудегі заманауи бағыттар талқыланды.

Конференция аясындағы пікір алмасулар қазақ-қырғыз ғалымдарының кәсіби байланысын нығайтып, ортақ ғылыми бастамаларды дамытуға ықпал етті.