Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Цзянсу педагогикалық университетінің Кэвэнь колледжі (Jiangsu Normal University Kewen College) делегациясымен кездесу өтті.

Қытай делегациясын Қытай Коммунистік партиясы комитетінің хатшысы Лю Сяолянь бастап келді. Делегация құрамында Экономика мектебінің деканы Шэнь Шань, Гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары мектебінің деканы Хоу Цзяйюй, Менеджмент мектебі деканының орынбасары Чжао Цзюньян және Халықаралық ынтымақтастық және алмасу департаментінің өкілі Ли Юэ болды.

QyzPU тарапынан кездесуге Басқарма мүшесі – Инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ернар Тоқтыбаев, Филология факультетінің деканы Айгүл Сәтбекова және Стратегиялық даму департаментінің директоры Нұрболат Құдайбергенов қатысты. Кездесу барысында екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамыту, студенттер мен оқытушылар алмасуын кеңейту, бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

Кездесудің маңызды нәтижесі – QyzPU мен Jiangsu Normal University Kewen College арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға және Жобалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы.

Құжаттар аясында студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильдігін дамыту, семестрлік және қысқа мерзімді алмасу бағдарламаларын, тағылымдамалар мен жазғы мектептерді ұйымдастыру, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу көзделеді. Атап айтқанда, 2+2 және 3+1 форматындағы бағдарламаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында қытай тілі мен филологиясы, педагогика, экономика, менеджмент, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект салалары белгіленді.

Сонымен қатар студенттердің Қытайда тілдік және кәсіби тағылымдамадан өтуі, қытай тілін практикалық ортада меңгеруі, бірлескен ғылыми жобалар мен жарияланымдар әзірлеу мәселелері талқыланды.






Кроме того, стороны обсудили возможности прохождения студентами языковых и профессиональных стажировок в Китае, совершенствования китайского языка в практической среде, а также подготовки совместных научных проектов и публикаций.
