Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінде «Академиялық ұтқырлық: жаңа мүмкіндіктер мен халықаралық тәжірибе» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты - білім алушыларды академиялық ұтқырлық бағдарламаларының мүмкіндіктерімен таныстыру, халықаралық білім беру кеңістігіне қатысуға ынталандыру және шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған студенттердің тәжірибесімен бөлісу болды.

Шара барысында білім алушыларға ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықтың ерекшеліктері, бағдарламаға қатысу талаптары мен кезеңдері, қажетті құжаттарды дайындау тәртібі туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар GPA көрсеткішінің маңызы, шет тілін меңгеру деңгейі, серіктес жоғары оқу орындарын таңдау, пәндер мен кредиттерді сәйкестендіру және оқу нәтижелерін тану тәртібі түсіндірілді.

Жиынның негізгі бөлігінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы шетелде білім алып келген студенттер өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар Түркияның Nevşehir Hacı Bektaş Veli University, Gazi University, Niğde Ömer Halisdemir University, Samsun University және Польшаның Maria Grzegorzewska University оқу орындарында білім алу кезеңі туралы айтып, шетелдік жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісі, студенттік өмір, халықаралық ортаға бейімделу және мәдени ерекшеліктер жөнінде ой бөлісті.

Бұл басқосу еркін сұхбат форматында өтіп, студенттер академиялық ұтқырлыққа қатысу, шетелде білім алу және жаңа ортаға бейімделу мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Жиын барысында академиялық ұтқырлықтың білім алушыларға халықаралық тәжірибе жинақтап қана қоймай, кәсіби және тілдік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Іс-шара соңында студенттер академиялық ұтқырлыққа қатысты сауалнамаға қатысып, қызығушылық танытатын бағыттары мен шетелдік жоғары оқу орындары туралы пікірлерін білдірді. Сауалнама нәтижелері осы бағыттағы ақпараттық жұмысты жетілдіруге негіз болады.


