Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Cambridge University Press & Assessment және British Council өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті. Кездесуде «Accelerating English Language Learning in Central Asia» (AELLCA) жобасының нәтижелері, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы (CPD), инклюзивті білім беру және халықаралық ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарына назар аударылды .

                                                             

Кездесуге Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Жекен Думан Құрманғазыұлы қатысып, білім беру сапасын арттыру және халықаралық серіктестікті нығайту бағыттарының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар жиынға университет факультеттері мен халықаралық ынтымақтастық бағытының өкілдері, British Council және Cambridge University Press & Assessment сарапшылары қатысты.

                                                             

Кездесуде Cambridge University Press & Assessment стратегиялық серіктестік жөніндегі аға менеджері Dr. Darren Perrett сөз сөйлеп, AELLCA жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталды.

                                                             

Сараптамалық сессия барысында педагогтердің Кембриджде оқыту бағдарламасынан өткеннен кейінгі кәсіби және институционалдық өзгерістердің динамикасы қарастырылды. Сонымен қатар үздіксіз кәсіби даму мен инклюзивті оқыту тәжірибелерінің білім беру сапасына ықпалына назар аударылды.

                                                             

British Council-дың Қазақстандағы ағылшын тілі бойынша білім беру бағдарламаларының менеджері Ардақ Бектурова ағылшын тілін оқыту және педагогтердің кәсіби дамуы бағыттарына назар аударды. Қазақстандағы AELLCA жобасының менеджері Екатерина Узиева жоба аясындағы жұмыстар мен одан әрі ынтымақтастық бағыттарына қатысты пікірлерін білдірді.

                                                              

Кездесу барысында AELLCA жобасы аясында қол жеткізілген нәтижелер талқыланып, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы (CPD) және инклюзивті білім беру бағыттарындағы тәжірибе алмасылды. Сонымен қатар білім беру саласындағы өзгерістерді жүйелі түрде жүзеге асыруға бағытталған «Theory of Change» (Өзгерістер теориясы) тәсілін қолдану мәселесі қарастырылды.

                                                              

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындау мәселелерін пысықтады. Олардың қатарында сараптамалық қолдау көрсету, оқу-әдістемелік негіздерді дамыту және академиялық ынтымақтастықты кеңейту бар.