Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде IV Орталық Азия неміс тілі оқытушылары форумы жұмысының екінші күні өтті. Кәсіби кездесудің бұл кезеңінде форумның алғашқы күнінде көтерілген мәселелер сараланып, неміс тілін оқыту мен дамытудың ортақ басымдықтары айқындалды.

Стратегиялық пленарлық отырысты Қазақстандағы неміс тілі оқытушылары қауымдастығының президенті Мереке Хафизқызы Танкибаева жүргізді. Отырыста 2026–2030 жылдарға арналған Орталық Азия жол картасының негізгі бағыттары таныстырылды.

Жұмыс үш стратегиялық бағыт бойынша жалғасты. Қатысушылар жоғары білім беру және академиялық ұтқырлық, білім мен еңбек нарығының байланысы, сондай-ақ зерттеу жұмыстары мен кәсіби қауымдастықтарды дамыту мәселелері бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Форум бағдарламасы аясында қатысушыларға «Алматының тарихы мен сәулетіндегі неміс ізі» атты мәдени бағдарлама ұсынылды. Қалалық экскурсия барысында форум қонақтары Алматының тарихы мен сәулетіндегі неміс мәдениетінің мұрасымен танысты.

Жиынның қорытынды отырысында «Неміс тілін дамытуға арналған Орталық Азия жол картасы: білім, инновация және ынтымақтастық (2026–2030 жылдар)» тұжырымдамасы қабылданды.

Аталған құжат Орталық Азия өңірінде неміс тілін оқытуды дамытуға және білім беру саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді бағдар болып табылады.

Форум соңында серіктестер мен қатысушыларға алғыс білдіріліп, баяндамашылар мен қатысушыларға сертификаттар табысталды.





