Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде аға буын өкілдерін қолдауға және Life-Long Learning – өмір бойы білім алу қағидатын дамытуға бағытталған «Күміс университет» әлеуметтік жобасы өз жұмысын жалғастыруда.

Жоба қатысушыларға жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге, белсенді өмір салтын ұстануға, денсаулығын нығайтуға және пікірлестермен араласуға мүмкіндік береді.

Бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен, атап айтқанда, ТДМ 3 – «Денсаулық пен әл-ауқат», ТДМ 4 – «Сапалы білім» және ТДМ 10 – «Теңсіздікті азайту» мақсаттарымен сабақтас.

«Күміс университет» аясында мына бағыттар бойынша курстарға қабылдау жүргізіледі:

  • Цифрлық сауаттылық – смартфон мен компьютерді пайдалану, электрондық мемлекеттік қызметтер мен мессенджерлерді меңгеру, интернетті қауіпсіз қолдану;
  • Ағылшын тілі – күнделікті қарым-қатынас пен саяхатқа қажетті тілдік дағдыларды қалыптастыру;
  • Домбыра үйрену – ұлттық аспапта ойнауды меңгеріп, қазақтың дәстүрлі музыка өнерімен танысу;
  • Хореография – қимыл-қозғалысты жетілдіріп, сергектік пен белсенділікті сақтауға арналған сабақтар;
  • Емдік дене шынықтыру – мамандардың жетекшілігімен денсаулықты нығайтуға және қимыл-қозғалысты жақсартуға бағытталған жаттығулар.

Сабақтар жайлы ортада өткізіліп, оқу бағдарламалары қатысушылардың мүмкіндіктері мен оқу қарқынына бейімделеді.

«Күміс университет» – білім алуға, жаңа дағдыларды меңгеруге, белсенді өмір салтын ұстануға және қоғаммен байланысын нығайтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік жоба.