Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «STARTUP-TOMIRIS» университеттік стартап-жобалар байқауы өтті.  Екі күнге созылған ауқымды шараға университеттің бакалавриат пен магистратура бағдарламалары бойынша оқитын 56 студенттік команда қатысты.

                                                                

Байқаудың ашылу салтанатында Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева: «Бұл байқау  студенттердің тың идеялары мен инновациялық бастамаларына жол ашатын маңызды алаң. Жастарымыздың ғылыми ізденістерін нақты жобаларға айналдыруы университеттің кәсіпкерлік экожүйесін дамытуға зор үлес қосады», – деп атап өтті.

                                                                

Байқау барысында қатысушылар білім беру технологиялары, жасанды интеллект, цифрландыру, экология, инклюзивті білім беру, әлеуметтік кәсіпкерлік және мәдени мұраны сақтау сияқты бағыт бойынша өз жобаларының жаңашылдығы мен практикалық маңызын таныстырды.

                                                              

Жобаларды университет басшылығы мен «PROJECT PREPARATION GROUP» компаниясының басқарушы серіктесі Мақсат Еламан құрамына енген сарапшылар комиссиясы ұсынылған идеяларды нарықтық сұраныс, бәсекелестік артықшылық пен тиімділік сияқты бекітілген 8 критерий негізінде бағалайды. Аталған жобаның жалпы қаржылық қолдау қоры 5 миллион теңгені құрайды.

                                                               

Айта кетейік, «STARTUP-TOMIRIS» – жас зерттеушілер мен болашақ кәсіпкерлердің идеяларын нақты іске айналдыруға жол ашатын, университеттің инновациялық және кәсіпкерлік экожүйесін дамытуға бағытталған маңызды алаң. Байқау нәтижесі алдағы күндері жарияланады.