Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасы «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында BOOK PICNIC – «Оқы. Ойлан. Бөліс.» атты еркін форматтағы мәдени-танымдық іс-шара өткізді.

Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру әрі «Кітап оқитын ұлт» идеясын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шарада Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева сөз сөйлеп, оқырмандық мәдениетті қалыптастырудың және студенттер арасында кітап оқуды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

Басқосу барысында білім алушылар Silent reading және «Жасырын кітап» форматтарымен танысып, Reading Passport жүйесі мен «Кітапты тап!», «Кітап детективі» сияқты интерактивті тапсырмалар арқылы өздерінің оқырмандық белсенділігін көрсетті. Оқырмандар сүйікті туындылары туралы ой бөлісіп, алдағы уақытта оқығысы келетін шығармалар тізімін айқындады.

Айта кетейік, таяудағы бес жылда ел халқының 50 пайызын кітап оқу мәдениетіне тартуды көздейтін бұл масштабты қозғалыс білім беру мен мәдениет ұйымдарын, сондай-ақ бүкіл қоғамды ортақ идея төңірегіне біріктіруді мақсат етеді.

Сонымен қатар бұл іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының «Сапалы білім» (ТДМ 4) бағытымен тығыз сабақтасады.



