«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған «Тағдыр – халық тағдыры» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханада ұйымдастырылған жиынға университет студенттері, оқытушылар мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Басқосудың мақсаты – көрнекті жазушының тарихи тақырыптағы шығармашылығын насихаттау, «Тағдыр» романының тарихи әрі көркемдік құндылығын таныту және жастардың отандық әдебиет пен ұлт тарихына деген қызығушылығын арттыру.

Кеш барысында қатысушылар XIX ғасырдың соңындағы Шәуешек өңіріндегі қазақтардың өмірімен, Ресей мен Қытай арасындағы шекараның белгіленуіне байланысты туындаған тарихи мәселелермен танысады. Романның басты кейіпкері Демежанның өмір жолы арқылы елге қызмет ету, әділдік, азаматтық жауапкершілік және халық мүддесін қорғау тақырыптары талқыланды.

«Бір ел – бір кітап» акциясы - отандық әдеби мұраны дәріптеуге және қоғамда, әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба. Бастама жас буынның білім көкжиегін кеңейтіп, отандық әдеби мұраны танып-білуіне мүмкіндік береді.

Жиын интерактивті бағдарлама негізінде өтіп, «Кейіпкерді таны» викторинасы, «Тағдыр талқысы», «Ойланайық!» бөлімдері және «Романның төрт белесі» тақырыптық шолуы ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушыларға жазушы шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі таныстырылып, белсене қатысқан оқырмандарға алғыс хаттар табысталды.
