Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінде АҚШ-тың Мичиган штаты университетінің профессоры Дуглас Хартманның  «Effective and Ethical Use of GenAI in Education» («Білім беруде генеративті жасанды интеллектіні тиімді және этикалық қолдану») атты халықаралық бағдарламасы басталды.

                                                                 

Бағдарламаның алғашқы күнi аясында шетелдік сарапшы факультеттегі 5 кафедраның профессор-оқытушыларымен кездесу өткізді. Гибридті (офлайн және онлайн) форматта ұйымдастырылған алғашқы ғылыми-практикалық семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты. Бастапқы кездесуде қатысушылардың жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі сараланып, ЖИ туралы негізгі түсініктер мен академиялық жазылымда генеративті ЖИ-ді пайдалану мүмкіндіктері талқыланды, сондай-ақ өзекті ғылыми-зерттеу сұрағын қалыптастыру бойынша практикалық тапсырмалар орындалды.

                                                               

Алдағы уақытта бағдарлама аясында ChatGPT және өзге де ЖИ құралдарын оқу материалдарын әзірлеуге, оқытуды дараландыруға, бағалау жүйесін жетілдіруге қолдану жолдары сарапқа салынады. Сонымен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарында ЖИ-ді пайдалану әдіснамасы, академиялық адалдық және этикалық талаптар басты назарда болады. Профессор Дуглас Хартман кафедра оқытушыларымен кездесулерін жалғастырып, жас зерттеушілерге консультациялық кеңес береді.

                                                                

Жобаның бірінші кезеңі 13 қазан мен 11 қараша аралығында университет аясында офлайн форматтағы дәрістер, воркшоптар мен практикалық семинарлар түрінде өтеді. Екінші кезең 11 қарашадан 25 желтоқсанға дейін онлайн форматта ғылыми-зерттеу әдіснамасы, академиялық жарияланымдар дайындау және халықаралық жобаларды дамыту бағыттары бойынша жалғасады.

                                                                

Бұл халықаралық бастама университетте цифрлық педагогиканы дамытуға, жасанды интеллект технологияларын білім беруге жауапкершілікпен енгізуге және шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.