Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің делегациясы Астанада өтіп жатқан Astana Media Week 2026 халықаралық медиа апталығына қатысуда.

Университет атынан іс-шараға Басқарма мүшесі – Әлеуметтік даму және студенттер ісі жөніндегі проректор Думан Жекенов, Қоғаммен байланыс және маркетинг департаментінің мамандары – QyzPU media қызметінің басшысы, режиссер Бақыт Әмірбек, медиакоммуникациялар үйлестірушісі, журналист Жадыра Жақсытаева және мобилограф Әмірсана Жандарбекұлы қатысуда.

Биыл оныншы рет ұйымдастырылған медиа апталық журналистика, PR және медиаиндустрия өкілдерін бір алаңға жинап, саланың өзекті мәселелерін талқылауға, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. «Бүгінде медиа саласы технологиялық өзгерістермен қатар дамып келеді. Мұндай халықаралық алаңдар жаңа үрдістерді зерделеуге, кәсіби байланыстарды нығайтуға және университеттің ақпараттық-коммуникациялық жұмысын жетілдіруге тың идеялар алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Думан Жекенов.

Апталықтың күн тәртібінде жасанды интеллектінің медиаиндустриядағы рөлі, технологияларды қолданудағы жауапкершілік, қазақстандық контентті халықаралық аудиторияға таныту, көптілді хабар тарату, жарнама нарығының өзгерістері және деректер экономикасы секілді маңызды тақырыптар қамтылды.

Сонымен қатар қатысушыларға ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау мен жасанды интеллект құралдарын медиада тиімді қолдануға арналған шеберлік дәрістері ұсынылды.

Форум барысында жасанды интеллект дәуіріндегі мамандықтардың болашағы, технологиялық өзгерістердің еңбек нарығына ықпалы және кәсіби құзыреттерге қойылатын жаңа талаптар да талқыланды. Сарапшылар нақты мысалдар мен тәжірибелерге сүйене отырып, медиа саласының даму бағыттары жөніндегі пікірлерімен бөлісті.

QyzPU мамандары баспасөз қызметтерінің жұмысындағы жаңа тәсілдермен танысып, PR-коммуникацияларды жетілдіру, заманауи медиатехнологияларды пайдалану және университеттің ақпараттық кеңістігін дамыту бағытында кәсіби тәжірибе алмасуда.

Astana Media Week 2026 – медиа мамандарының өзекті мәселелерді талқылауына, кәсіби байланыстарды нығайтуына және цифрлық трансформация жағдайындағы саланың даму бағыттарын айқындауына мүмкіндік беретін маңызды алаң.
