Республика күніне орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Физика, математика және цифрлық технологиялар факультеті Математика кафедрасының ұйымдастыруымен студенттер арасында «Жауапты азамат – қуатты мемлекет» тақырыбында пікірсайыс өтті.

Іс-шара студенттердің азаматтық жауапкершілігін арттыру, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру және сыни ойлау мен пікірталас мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Сайыстың ашылуында факультеттің аға эдвайзері Ақмарал Айдарбекова мен Математика кафедрасының меңгерушісі Динара Жанузакова құттықтау сөз сөйлеп, Республика күнінің маңыздылығына тоқталды.

Тартысты өткен пікірсайыста екі команда Үкімет және Оппозиция тараптары ретінде өз ұстанымдарын қорғады. Үкімет өкілдері азаматтық жауапкершіліктің мемлекет қуаттылығына тигізер әсерін дәлелдесе, Оппозиция тарапы тұжырымға сыни көзқарас танытып, өзге де маңызды факторларды алға тартты. Сайыс «Үкіметтің кейсі», «Оппозицияның кейсі», «Аргументтерді тереңдету», «Қарсы сұрақтар» және «Ой түрткі» деп аталатын бес кезеңнен тұрды.

Қатысушылардың өнерін «Парасатты НЛО» дебат клубының мүшелері бағалады. Әділқазылар алқасы командалардың аргументтерін, логикалық негізділігін, қарсы тарапқа қайтара білген жауаптарын, сөйлеу мәдениетін және командалық үйлесімділігін сарапқа салып, үздік нәтиже көрсеткен команданы жеңімпаз деп таныды. Шара соңында қатысушылар I және II дәрежелі дипломдармен марапатталды.



