Ташкентте ICESCO ұйымдастыруымен өтіп жатқан 5-ші Халықаралық CanSat оқыту семинары мен аэроғарыштық симпозиумында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Физика, математика және цифрлық технологиялар факультетінің студенттері жүлделі 3-орынды иеленді.

                                                  

CanSat жобасы студенттерге сенсорлармен, микроконтроллермен және байланыс жүйесімен жабдықталған шағын модельдік жерсерік құрастыру арқылы аэроғарыштық технологиялардың негізгі қағидаларын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді. Модельдік жерсерік биіктікті, атмосфералық қысымды, температураны және координаттарды өлшеп, алынған деректерді жердегі станцияға жолдау функцияларын атқарады.

Бұл жоба физика, инженерия, программалау және деректерді талдау бағыттарын біріктіретін пәнаралық тәсілге негізделген. Халықаралық семинарға қатысу білім алушылардың техникалық құзыреттілігін арттыруға, ғылыми-практикалық дағдыларын жетілдіруге және аэроғарыш саласындағы әлемдік мамандармен кәсіби байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

Аталған халықаралық жетістік университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоғары деңгейін және студенттердің аэроғарыш саласындағы бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.